newstaraz.kz

 
 

ОҚО-да 81 жастағы ақсақал тастанды 13 баланы асырап алды


pogudx75a517go0n9.40fe2897
  15.06.2016 NewsTaraz.kz.

Оңтүстік Қазақстан облысында 81 жастан асқан ақсақал Ысқақ Тұрғанбайұлы жары Гүлжахан Керімбайқызы екеуі екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірген. Одан бөлек кеңес үкіметі құлап, дағдарыстың салқыны ел бойынша сезінген шаққа қарамастан өз үйінен «Арнұр» балалар үйін ашқан деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.

Аталған үй тастанды он үш баланы қанатына алды. Бүгінде олардың алды тұрмысқа шығып, тіпті бала сүйіп отыр. Туған анасы мен әкесіне керек болмаған балаларды бауырына басқан Жұмашевтар әулетіне NUR.KZ тілшісі арнайы барып қайтты.

Кентау  қаласында тұратын Ысқақ Жұмашев өзінің бұл әрекетін ешқандай да ерлік санамайды. Балалар үйін ашудағы мақсаты — тастанды балалардың отбасы жылулығын сезінуіне үлес қосу.

Ақсақал жас кезінен балаларды асырап алып, қолынан келгенше мейірімін төгуді көздеген. Үш жасында анасынан, жеті жасында әкесінен айрылған бала Ысқақ ағасы екеуі әкесінің ағасының тәрбиесін алған. Талай қиыншылықты басынан өткерген оны туысы қатарынан қалдырмай білім беріп, үнемі ақылын айтып жүріпті.

«Біздің кезде дәрігер деген болмаған ғой. Сырқаттанғандар түгелдей тәуіптің көмегіне жүгінетін. Жетінші сынып бітіргелі жатқан шағымда ауылға Шымкенттен бір топ адам келді. Оқушыларды медицина, педагогика сынды техинкумдарға түсуге үгіттеп жүр екен. Медтехникумның атынан келген бір орыс келіншек дәрігердің жұмысын түсіндіріп жатты. Әлгі әйелден «мен сонда тәуіп боламын ғой, иә» деп сұрадым. «Иә, тәуіп боласың. Адамдарды емдейсің» деп айтты. Содан сол техникумға оқуға түстім», -деді ақсақал.

Техникумды бітірген соң институтқа оқуға түсуге ниеттеніпті. Алайда орыс тілін білмегендіктен емтиханнан құлап, жолы болмаған. Сөйтіп Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанады. Алғашында төрт жылға кеткен ол кейін әскер қатарында жүру уақыты екі жылға қысқарып, туған еліне қайтады.

«Әскерде жүріп орысша кітаптар оқыдым. Орыстармен жақын араластым» деген ақсақал әскерден оралған соң тағы да бағын сынап көрген. Оқуға түсіп, дәрігер мамандығын алып шығады. Отыз үш жасында шаңырақ көтереді. Өзінен он екі жас кіші әйелі Гүлжахан әжей де медицина саласының маманы.

«Кеңес үкіметі құлап, халықтың жағдайы нашарлай түсті. Көкек аналар балаларын көрінген жерге тастап, тастанды балалардың саны көбейіп кетті. Жұбайыммен ақылдасып, балалар үйін ашу туралы шешімге келдім. Содан құзырлы мекемелерге барып, рұқсат алу үшін талай есікті қағып, табан тоздырдым. Еңбегім еш кетпеді. Әкімнің өзі рұқсат беріп, балалар үйін аштым. 1994 жылдың 25 мамырында рұқсат алып, сол жылы 1 маусымда ресми түрде ашылдық. Бірақ бала әлі жоқ. Шілденің 25-інде алғашқы сәби келіп түсті»,-деді Ысқақ Тұрғанбайұлы.

Балалар үйіне келіп түскен алғашқы сәбиге есім қоюдың өзі қызыққа толы болыпты. Үй іші жиналып, қағазға өздері қалаған есімді жазып, оны бүктеп тақияға салған. Ішінен ақсақал біреуін таңдап, сәбиге жары Гүлжахан таңдаған есім бұйырыпты. Сөйтіп бөбекке Айым есімін қойған. Бүгінде Айым кәсіби суретші. Жаңақорған ауданында тұрады. Тұрмысқа шығып, бір бала сүйіп отыр.

«Немерелеріммен жасты балалар үйінің тәрбиеленушілерін ешқашан жатсынған емеспіз. Олар да туған немереліріміз секілді болып кетті. Айымның перзенті өмірге келгенде жолдасым Ысқақ екеуміз «шөберелі болдық» деп жас балаша қуандық», —  деп қуанышын жасыра алмады Гүлжахан әжей.

«Арнұр» балалар үйінің тағы бір тәрбиеленушісі Зияш та жақында тұрмысқа шықты. Оның да артынан Жұмашевтар әулеті бүкіл дүниесін алып барған. Себебі бұл қыздарды Ысқақ ата мен Гүлжахан апа өздеріне міндет санайды.

«Жаңадан туыла сала біздің отбасының балалары боп кеткен оларды біз неге бөтенсуіміз керек? Осы үйдің туғанындай болып кетті олар» деген ата мен әжей қалған қыздары жоғары білім алып жатқанын айтты.

Негізінде «Арнұр» балалар үйінде он үш бала тәрбие алған. Оның сегізі туыла сала осы үйді мекен еткен. Ал қалған бесеуін (4-7 жас аралық) ата-аналары белгілі себептерге байланысты өздері өткізіп, кейін аяқтарынан тұрған соң алып кетіпті. Сегіз сәбидің екеуі ұл. Оның бірін ата-анасының өзі келіп өткізіпті. Себебі анасы жастықпен отбасы бар жігітпен жүріп, аяғы ауырлаған. Көп ұзамай баланың әкесі бейкүнә сәбидің анасын екінші әйел етіп алған. Бүгінде ұл бала Қызылордада ата-анасымен бірге тұрады.

Балалар үйінің екінші ұлының әкесі арада бірнеше жыл өткен соң табылып, өз қолына алыпты. Ол қазіргі таңда Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алуда.

«Балалар үйін ашу оңай емес. Талай қудалауға да ұшырадық» деп әңгімесін бастаған қария кезінде білім департаментіндегілер прокуратураға шағым түсіріп, бұл үйді жаптырып тастауды да көздепті.

«Үйді ашқан соң көбі «Ол бала кімнің ұрпағы екенін қайдан білесің? Нашақордың баласы міндетті түрде сол жолға түседі» деп күмәнмен қарағандар болды. Бірақ, мен оны жоққа шығарамын. Бастысы, тәрибеде. Шүкір, балалар мейірімді әрі бауырмашыл. Ал қудалауға келсем, былай. Бір күні кешқұрым қалалық білім бөлімінің басшысы екі кештің ортасында шақырып алып, облыстық білім департаментіне бару керектігімді айтты. Ол жаққа баратын жол кіремнің жоқтығын айтқан едім. Өздері көлік тауып берді. Бардым. Департаментке барғанымда менің ісім прокуратураға өткенін жеткізді. Сонда сол бір ауыз сөзді естуім үшін Кентаудан Шымкентке барыппын. Қан қысымым көтеріліп, қатты уайымдадым. Келіншегім де сырқаттанды. Оған дейін сырқаттанбаған біздің содан кейін қан қысымымыздың көтерілуі созылмалы деркте айналды. Шымкенттен үйге келгенімде кешкі уақытта телефон шырылдап, жергілікті ішкі істер басқармасының сол кездегі басшысы Дәрібай Шалаев қоңырау шалды. Мән-жайды айтқаным сол еді, «Көке, уайымдамаңыз, егер тағы біреу қудалап келетін болса, өзім қоршауға аламын» деп айтты. Жүрегім орнына түскендей болды. Сол кісінің арқасында балалар үйі жұмысын жалғастыра берді», —  деп өткенін еске алды қария.

«Келіншегім екеуміз кішкентай ғана кепеде тұрдық. Өз балаларымыз ер жетіп, оқуға түскен. Гүлжаханмен бір бөлмеге ұзына бойы көрпеше төсеп, жан-жағына сегіз бесікті қоршап қоятынбыз. Біреуі жыласа, бәрі жылайды. Күн-түн демей тербетіп, ешкінің сүтін беріп өсірдік. Арасында ананың бір тамшы да болса сүтін ішсін деп, үш келініміз өздері емізді», -деді ақсақал.

Ысқақ ата әлі күнге дейін тастанды балалар санының артуына алаңдаушылық танытып отыр.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде «бэйби бокс» (тастанды балаларға арналған жәшік) мәселесі көтеріліп еді. Бұған деген көзқарасыңыз қалай?» деген сұрағымызға терең ойланып былайша жауап берді:

«Тастанды бала қайдан пайда болады? Анасына, әкесіне керек болмаған соң, әрине. Көбі көшеден көтеріп, онысын жасырып, ішінен шыққан сәбиін қоқысқа тастауға мәжбүр болып жүр. Мен айтар едім, бұған қыздарымызды кінәлаудың қажеті жоқ. Мәселен, Алматыда аты шыққан Сайн көшесіндегі қыздарды айтайық. Олар ешқашан жезөкше боламын деп ойламаған ғой. Алданып қалғандар. Қалталы азаматтар қымбат сыйлықтар жасап, арбауына түсіріп алады. Бұл жерде жеңіл жүрісті ер азаматтарды тәрбиелеу керек», — дейді қария.

Ақсақал өз сөзінде балалардың шетелге сатылуына көзқарасы оң екенін айтып, таң қалдырды.

«Менің ойымша, баланы көшеге тастап, ит пен құсқа жем еткенше, шетел асқаны дұрыс. Екіншіден, шетелде жүрген қазақ балалары міндетті түрде бір-бірін іздейді. Мәселен, Ресейде губернатор Төлеев бар ғой. Міне, сол секілді өзге елде жүрген біздің балалар лауазым иесі болса, дүние жүзі қазақтың билігінде болады деп сенемін. Болашақтан үмітім бар», — деп ойын түйген Ысқақ қария қазақ қыздары елдің санын көбейтуге тырысса, мемлекеттің заңын күтпей-ақ екі әйел алушылыққа қарсылық танытпау керектігін, себебі бізде ерлердің саны нәзік жандыларға қарағанда әлдеқайда аз екенін қадап айтты.

Балалар үйінің барлық тәрбеленушілерін сурет, қолөнер, домбыра секілді үйірмелерге беріп өсіріп, бүгінде екі қызын қолдан ұзатқан Жұмашевтар әулеті енді қалғандарын да құтты қияға қондыруды өздеріне міндет санайды.

Айта кетейік, Жұмашевтар әулеті бұл мейірімді істерінің арқасында түрлі додадарда топ жарып жүр. 2012 жылы жетім балларға көрсеткен қамқорлығы үшін «Алтын жүрек» номинациясы берілген.

Одан бөлек бұл шаңырақ облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында екінші орынды иеленді. Ал биыл «Алтын шаңырақ» додасында бас жүлдені жеңіп алған. Тағы бір атап өтерлігі, бұл әулет қоян шаруашылығын дамытып отыр. Ауласында жүзден астам қоян мен көжек асырап отырған Жұмашевтар отбасы алдағы уақытта бұл бизнесін өркендетуді мақсат тұтады.

(просмотры 2 за всё время, 1 Смотрели сегодня)

Источник →  newstaraz.kz


Источник →  newstaraz.kz


 

Больше новостей →  newstaraz.kz

 

Уважаемые посетители newstaraz.kz ! Оставляя комментарии, проявляйте уважение и терпимость к мнению других пользователей. Сообщений, приводящих к разжиганию конфликтов, расистских высказываний, провокаций, оскорблений и дискуссий, не относящихся к теме статьи будут удаляться. Ссылки на сторонние ресурсы в комментариях запрещены. Подобные сообщения будут удаляться, а их авторы будут забанены.Мы не несем ответственность за форму и характер выставляемых комментариев.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


   

NewsTaraz